Алматыда электр самокат мінген 54 жастағы ер адам жол апатынан көз жұмды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол шамамен сағатына 90 шақырым жылдамдықпен жүрген. Оқиғаның соңғы сәттері бейнебақылау камералары мен жол бойымен өтіп бара жатқан көліктердің бейнетіркегішіне түсіп қалған.

«Электр самокат мінген ер адам жолдың сол жақ шетімен келе жатқан. Алдын ала мәлімет бойынша оның жылдамдығы сағатына шамамен 90 шақырым болған. Шығыс айналма автомобиль жолында ол алдында келе жатқан көлікті басып озуға әрекет жасаған. Сол сәтте басқару тізгінін жоғалтқан», – деді полиция.

Бейнежазбадан ер адамның асфальтқа құлағанын көруге болады. Соққыдан қорғаныш дулығасы да басынан ұшып кеткен.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы келген. Алайда ер адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Ол алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмды.

Оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

«Бұл – Алматыда электр самокат мінген адамның қаза болуына әкелген алғашқы жол апаты. Жыл басынан бері қалада электр самокатқа байланысты 91 жол апаты тіркелген. Соның салдарынан 96 адам жарақат алған», – деп хабарлады полиция.

Бұған дейін Алматыда 9 мыңнан астам самокат айып тұрағына қойылғаны белгілі болды.