Алматыда қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджановтың ісі қайта қаралды. Оған тоғыз жыл колония тағайындалды. Бұған дейінгі үкім — 11 жыл бас бостандығынан айыру — ақпан айында күші жойылған еді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ахмеджанов аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа қатысушы және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Жазасын орташа қауіпсіздіктегі колонияда өтейді.
Алматының жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов бес жыл алты ай бас бостандығынан айыру жазасын алды. Жерге орналастыру бөлімінің экс-басшысы Ерлан Жармуханбетов 13 жылға, бағалау компаниясының бұрынғы директоры Алмазхан Бакиров сегіз жылға сотталды.
Кәсіпкерлер Мұханбетәлі Шалқарбеков пен Берік Үскембаевқа бес жылдан бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрде тағайындалды. Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық бойынша олардың мерзімдері төрт жылға қысқартылды.
«Үкім заңды күшіне енген жоқ және 15 тәулік ішінде шағымдануға болады», — деп нақтылайды агенттік.
Бұған дейін «Курсив» 2025 жылғы 17 ақпанда Ахмеджанов 11 жылға, ал Самамбетов он жылға бас бостандығынан айырылғанын жазған болатын. Айыптау бойынша Ахмеджанов құрылыс салушыларға заңды айналып өтіп құрылысқа рұқсат алуға көмектескен, ал Самамбетов оған жәрдемдескен.
Сол жылдың наурызында сотталғандар үкімге шағымдануға бел буды. Іс заңсыз жер беру мен элиталық тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандарды салуға рұқсат беруге қатысты еді. Тергеу барысында 25 эпизод зерттеліп, 250 куәгер жауапқа тартылды.
2026 жылдың ақпанында Алматы қалалық соты алғашқы үкімді күшінен айырды. Іс процестік бұзушылықтарды жою үшін прокурорға қайтарылып, сәуірде қайта қарау басталды.
