Бүгін Алматыдағы Dostyk Plaza сауда ойын-сауық орталығын полиция қоршауға алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желіде тараған видеода полицейлердің сауда орталығына кіретін есіктерді жауып тастағаны көрінеді. Оқиға орнында кинологтар мен каска киген тәртіп сақшылары да болған.
Алматы қалалық полиция департаменті шектеу шараларының себебін түсіндірді. Сауда орталығына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскен.
«Оқиға орнына шұғыл қызметтер дереу жіберілді. Тексеру нәтижесінде жарылғыш заттың бар екені расталмады», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта сауда орталығының жұмысы қалыпты режимде жалғасып жатқаны туралы ресми ақпарат жоқ. Полиция қызметкерлері оқиға орнында қосымша тексеру жүргізіп, жағдайды бақылауда ұстап отыр.
