Алматыда бір аудандық полиция басқармасының ғимаратына жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы хабарлама тараған соң, 56 жастағы ер адам ұсталды. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жарылғыш құрылғы туралы ақпарат расталмады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қоңырау түскеннен кейін оқиға орнына жедел қызметтер келді. Мамандар ғимараттың ішін және айналасындағы аумақты тексерді.
Тексеру барысында жарылғыш құрылғылар, жарылғыш заттар, оқ-дәрілер және басқа да қауіпті заттар табылмады. Полицейлер сотқа дейінгі тергеуді бастап, хабарлама авторын анықтады.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында біздің бөлімше қызметкерлері хабарлама авторын анықтады. Ол 56 жастағы ер адам болып шықты. Ол іс жүзінде ешқандай жарылғыш құрылғы қоймағанын, ал миналау туралы хабарламаны қасақана жасағанын мойындады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деді Алмалы ауданы полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.
Ер адамның ниеті әзірге нақтыланбаған. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр.
Полиция әрбір миналау туралы хабарлама нақты қауіп ретінде қарастырылатынын еске салды. Көрінеу жалған ақпарат қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Бұған дейін «Курсив» астаналықтың пәтерінен есірткі салынған 2 мыңнан астам орама табылғанын жазған болатын.
