Алматыда «Дәрілерді қауіпсіз кәдеге жарату» экологиялық жобасының қорытындысы шығарылды. Бір жыл ішінде қала тұрғындары емханалардағы арнайы экобокстар арқылы бір тоннадан астам пайдаланылмаған дәрі-дәрмектерді тапсырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жоба 2025 жылдың маусым айында басталып, алматылықтардың мерзімі өткен және пайдаланылмаған дәрілерін қауіпсіз жинауға бағытталған. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – дәрі-дәрмектердің тұрмыстық қоқысқа, топырақ пен су айдындарына түсуіне жол бермеу, өйткені бұл қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін.

«Бүгінде Алматының 38 емханасында дәрі жинауға арналған арнайы бокстар орнатылған. Жобаның бірінші жылында бір тоннадан астам мерзімі өткен дәрі-дәрмек жиналды», – делінген хабарламада.

STADA Kazakhstan бас директоры Наталья Гарипованың айтуынша, бір жыл бұрын ұйымдастырушылар бұл бастама азаматтар арасында сұранысқа ие болатынына сенімді болмаған.

«Бүгін біз тұрғындардың жобаны белсенді қолдағанын айта аламыз. (...) Бұл экоқауіпсіздік және адамдардың денсаулығын сақтау мәселелеріндегі маңызды қадам. Біздің мақсатымыз – дәрі-дәрмектерді кәдеге жаратуды қоршаған орта үшін қауіпсіз ету», – деп атап өтті ол.

Өз кезегінде қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жобаны үлкен серпіліс деп атады.

Ведомствоның мәліметінше, жиналған барлық дәрі-дәрмектер арнайы кәдеге жаратудан өтеді. Атап айтқанда, дәрілер арнайы инсинераторларда 1200 градусқа дейінгі температурада термиялық өңдеу әдісімен жойылады. Өңдеуден кейін қауіпсіз қалдық қалып, ол мамандандырылған полигондарға жіберіледі.

Тұрғындардың дәрілерді қауіпсіз тапсыру мүмкіндігін жиі пайдалана бастағанын емхана өкілдері де растады. Мәселен, №4 емхана арқылы жобаға қатысу кезінде 70 келіге жуық мерзімі өткен дәрі жиналған. Дәрігерлердің айтуынша, бұрын көптеген пациенттер қажетсіз препараттарды қайда тапсыруға болатынын білмеген.

Еске сала кетейік, дәрілік препараттар қауіпті қалдықтарға жатады. Оларды тұрмыстық қоқыспен бірге тастауға немесе кәрізге жуып жіберуге болмайды. Қауіпсіз жинау үшін Алматыда қалалық емханаларда орнатылған арнайы экобокстар жұмысын жалғастыруда.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда дәріханалардың тегін дәрілерді сатқаны үшін жаппай айыппұл салынғаны туралы жазған болатын.