Алматыдағы 28 панфиловшы саябағында Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының он метрлік портреті шамдардан құрастырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
"Соғыстың отты суреттері" іс-шарасын орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы, Қазақстан ардагерлер одағы және "Жас сарбаз" жастар патриоттық қозғалысы ұйымдастырды.
Ұйымдастырушылардың бірі Семен Шихатовтың айтуынша, еске алу шарасы үшін портрет кездейсоқ таңдалған жоқ.
"Бауыржан Момышұлы – ұлт батыры, Кеңес Одағының ең танымал батырларының бірі. Ол ұрпақтар арасындағы байланысты, қазақ халқының және барлық Отан қорғаушының батылдығын, ерлігін және батырлығын бейнелейді", - деді ол.
