Алматыда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай журналистер мен медиа саласы қызметкерлеріне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жаңа пәтерлердің кілттері табысталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа баспананы Qazaqstan, «Хабар», «Евразия», КТК және «31 канал» телеарналарының, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің, сондай-ақ «Жас Алаш», «Время», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан» газет-журналдары мен «Шалқар» радиосы редакцияларының қызметкерлері алды. Барлығы 15 пәтердің кілттері табысталды.

Іс-шараны Президенттік бастамалар қоры Dara ұйымдастырды. Салтанатты рәсімге Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров қатысып, журналистерді қоныс тойымен құттықтады.

«Президент ел мен ұлт игілігі үшін еңбек етіп жүрген журналистердің еңбегін ерекше атап өтті, сондай-ақ күн сайын ақпараттық алаңда жұмыс істейтін өңірлік тілшілерді қолдау қажеттігін атап көрсетті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілттері табысталады», — деді Айбек Смадияров.

Еске сала кетейік, 2026 жылы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне 66 пәтер беру жоспарланған. Оның 15-і Астанадағы журналистерге, тағы 15-і Алматыдағы медиа өкілдеріне арналған, ал елдің 18 өңірінің әрқайсысында БАҚ қызметкерлері екі пәтерден алады.

Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаждардың тізімдері Президенттік бастамалар қоры Dara, Президент Іс басқармасы, жергілікті атқарушы органдар және бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларымен бірлесіп қалыптастырылды.

Соңғы үш жылда отандық БАҚ-тың 200 қызметкері Президент атынан тұрғын үй сертификаттарын алды. Оған дейін Астанада журналистерге кілттер табысталған болатын.