Алматының кейбір аудандарында ақылы автотұрақ тарифі көтеріледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, коммуналдық автотұрақтардағы тарифті 10 жылда алғаш рет қайта қарау ұсынылып отыр. Қазіргі уақытта автотұрақтың бір сағаты үшін баға 100 теңгені құрайды. Бұл тариф 2016 жылдан бері өзгерген жоқ.
Жобаға сәйкес, көлік жүктемесі төмен учаскелерде тариф бұрынғыдай сағатына 100 теңге болып қалады. Ал автотұраққа сұраныс жоғары учаскелерде тарифті көтеру ұсынылып отыр:
- 01көлік жүктемесі орташа болса – сағатына 150 теңге;
- 02көлік жүктемесі жоғары учаскелерде – сағатына 200 теңге.
Яғни, жоғары тариф автотұрақ орындарына сұраныс көп әрі орын тапшылығы байқалатын жерлерде ғана қолданылады. Жоба авторларының айтуынша, бұл бос орын іздеуге кететін уақытты қысқартып, автотұрақтардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ақылы автотұрақ аймағындағы үйлердің тұрғындары үшін рұқсат рәсімдеп, үйінің маңында көлігін тегін қою мүмкіндігі сақталады. Сондай-ақ пайдаланушылардың кейбір санаттарына берілетін жеңілдіктер де қалады.
Жоба қалалық мәслихаттың сессиясында таныстырылды.
