Алматыда аптап ыстыққа байланысты жедел жәрдем шақырту саны артты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, шілде айының алғашқы екі аптасында жедел медициналық жәрдем қызметіне 33,6 мыңнан астам шақырту түскен. Әсіресе, артериялық қан қысымының көтерілуі, жүрек-қан тамырлары аурулары, оның ішінде жүректің ишемиялық ауруы мен жедел миокард инфаркті көптеп тіркелген. Сондай-ақ, ми қан айналымының жедел бұзылысына шалдыққан науқастар шұғыл түрде қалалық стационарларға жеткізілген.
Алматыдағы емханалар созылмалы ауруы бар науқастарға диспансерлік бақылауды жалғастырып, оларды қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етуде және денсаулық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп жатыр. Дәрігерлер тұрғындарға сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін күннің астында ұзақ болмауға, жеткілікті мөлшерде су ішуге, жеңіл киім мен бас киім киюге кеңес береді. Егер денсаулық жағдайыңыз нашарласа, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Астанада да жағдай мәз емес. 14 шілдеде ауа температурасы +38,6 градусқа дейін көтерілді. Бұған дейін 14 шілдедегі ең ыстық күн 1992 жыл болған еді, ол кезде термометр бағаны +35,3 градусты көрсеткен.
