Алматыда «Шығыс қақпасы» полиорталығын дамыту аясында қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде жаңа жолдар мен инженерлік коммуникациялар салу жоспарланған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жоба 2023 жылы бекітілген Алматы қаласының Бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Бас жоспарға енгізіліп жатқан түзетулер бұл жобаға қатысты қандай да бір өзгерістерді көздемейді.

Аумақтардың көлік байланысын жақсарту мақсатында Баймағамбетов көшесі, Құлжа тас жолы, Бұқтырма көшесі және Рысқұлов даңғылы шектейтін аумақта жалпы ұзындығы 17,5 шақырым болатын жаңа жолдар салу жоспарланып отыр. Бұқтырма көшесі мен Рысқұлов даңғылын жалғайтын жаңа магистраль алты жолақты болады. Оның ені – 50 метр, ұзындығы – 4,6 шақырым.

Бұл жолды салу Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен көлік байланысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде қаланың көше-жол желісінің өзара байланысы жақсарады, сондай-ақ Алматы мен агломерациядағы елді мекендер арасындағы көлік қатынасының тиімділігі күшейеді.

Жоспарланған магистраль жеке тұрғын үй секторы арқылы өтетіндіктен, мемлекеттік қажеттілік үшін шамамен 200 жер учаскесін мәжбүрлеп сатып алу көзделген. Осыған байланысты қала әкімдігі тиісті қаулы қабылдап, жылжымайтын мүлік иелеріне хабарлама жолданды.