Алматы онкология орталығында Қазақстанда алғаш рет асқазанның бір бөлігін үлкен хирургиялық тілік жасамай алып тастау бойынша роботтың көмегімен операция жасалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, операцияны орталықтың хирургтар тобы роботтандырылған хирургиялық жүйені қолдана отырып орындады.

"Операция барысында ICG-навигациясы – хирургқа қажетті анатомиялық құрылымдарды неғұрлым анық көруге мүмкіндік беретін технология қолданылды. Сондай-ақ онкологиялық қағидаттарға сәйкес өңірлік лимфа түйіндерін алып тастауды көздейтін D2 лимфодиссекциясы жүргізілді", - деп жазылған хабарламада.

Пациент үшін роботтандырылған технология үлкен хирургиялық тіліктің орнына шағын тесіктер арқылы күрделі операция жасауға мүмкіндік береді. Бұл операцияның жарақаттылығын азайтып, пациенттің барынша жылдам қалпына келуіне жағдай жасайды, дейді министрлікте.

Асқазанға жасалған операция Алматы онкология орталығы мамандары орындаған 15-ші роботтандырылған операция болды. Бұған дейін роботтандырылған операциялар тоқ ішек пен тік ішек, қуықасты безі, бүйрек және жатыр денесінің аурулары кезінде жүргізілген.