Алматы қаласының әкімдігі көлік көп жүретін екі көшеде қозғалысқа шектеу енгізілетінін хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Алдағы демалыс күндері Абай даңғылы мен Жароков көшесі арқылы өтетін газ құбырының өткелі салынады. Осыған байланысты 2026 жылы 1 тамыз сағат 06:00-ден 2 тамыз сағат 24:00-ге дейін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілетін аумақта автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі, делінген ресми хабарламада.
Аталған жұмыстар қаланың газбен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға және оны одан әрі дамытуға бағытталған.
Алматы тұрғындары мен қала қонақтары уақытша енгізілген шектеуді ескеріп, жол жүру бағытын алдын ала жоспарлауы қажет.
Ал "QazaqGaz Aimaq" АҚ Алматы өндірістік филиалы уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, тұрғындарға түсіністік танытқандары үшін алғыс білдіріп отыр.
