Алматыда мыңнан астам адам ашық аспан астында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының әндерін бірге шырқады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қала әкімдігінің мәліметінше, іс-шара барысында көрермендер Абайдың тұңғыш шығармалар жинағының жарық көру тарихын баяндаған "Алғашқы кітап" атты деректі фильмді тамашалады.

Докудрама жанрындағы бұл деректі фильм қазақтың неше ғасырлық рухани тарихындағы таңғаларлық ұлы оқиға – 1909 жылы Петербор қаласында Ілияс Бораганский баспасынан жарық көрген Абайдың тұңғыш кітабының қилы тағдырын бейнелеген.

Фильмде Абайдың алғашқы кітабының қалай жарық көргені, ақынның көзі тірісінде өз шығармаларын жинақтап, кітап етіп шығаруға әрекет жасаған-жасамағаны, кітапты кім дайындағаны және оның қалай баспа бетін көргені баяндалады.

Сондай-ақ туындыда кітаптың неге Семейде емес, Петерборда басылғаны және оны шығару барысында қандай кедергілер шыққаны сөз болады.