Алматыда 8 жастағы баланың миына күрделі ота жасалды. Отаны қазақстандық нейрохирургтер Германиядан келген профессормен бірлесіп жасады. Дәрігерлер баланың миынан гамартома деп аталатын туа біткен патологияны анықтаған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл – ми тіндерінің дамуындағы ауытқулар салдарынан пайда болатын сирек түзіліс. Науқаста туғаннан бастап неврологиялық ауытқулар байқалған.

«Атап айтқанда, себепсіз күлу ұстамалары, ұйқының бұзылуы, сөйлеу және психикалық дамудың тежелуі, бас ауруы мен есінен тану жағдайлары болған», – дейді дәрігерлер.

Бала бірнеше жыл бойы дәрігерлердің бақылауында болып, дәрі-дәрмекпен емделген. Алайда ем шараларына қарамастан, эпилепсиялық ұстамалар тоқтамаған.

Шетелдік маман қазақстандық әріптестерімен бірге операция кезінде нейромониторинг технологияларын пайдаланып, гамартоманы микрохирургиялық әдіспен алып тастады.