Алматыда полицияға жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген ер адам ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Polisia.kz мәліметінше, Алматы қаласындағы аудандық полиция басқармаларының бірінің ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскен.
«Оқиға орнына қаланың шұғыл қызметтері дереу жетіп, ғимарат пен оған іргелес аумақты мұқият тексерді. Тексеру нәтижесінде жарылғыш заттар, құрылғылар, оқ-дәрілер өзге де заттар анықталған жоқ», — делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында басқарма қызметкерлері аталған хабарламаны жасаған адамды анықтады. Ер адам іс жүзінде ешқандай жарылғыш зат қоймағанын және ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламаны қасақана жасағанын мойындаған.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Айта кетейік, бұған дейін ұшақ бортындағы қарт жолаушының бір ауыз сөзі ұшақты екі сағатқа кешіктірген оқиға тіркелген болатын.
