Алматыдағы республикалық физика-математика мектебінде оқушылардың жаппай улану дерегіне қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін мектептің 47 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды. 12-13 қазан аралығында Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған.

Қазір олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында.

Бостандық аудандық полиция басқармасының бөлімшесінде қылмыстық іс қозғалды.

«Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттері, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің тексеру нәтижелері негізінде оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тиісті процестік шешім қабылданады», – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.

Оқушылардың неден ауырғаны әзірге нақты анықталған жоқ.

Оқиғаның мән-жайы тергеу барысында белгілі болады.