Алматыда №32 бағыттағы автобус жол апатына түсті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 29 шілдеде Навои көшесінде болған. Куәгерлердің айтуынша, автобус жол жиегінде тұрған Hyundai Elantra автокөлігіне соғылған.

Соққының әсерінен жеңіл көлік Volkswagen Golf пен Lada 2111 көліктеріне соқтығысып, арықтан асып кеткен. Полицияның хабарлауынша, автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың оң жағында тұрған жеңіл көліктерге соқтығысқан. Үш көлік те механикалық зақымданды.

Қазіргі уақытта оқиға тексеріліп жатыр. Абырой болғанда, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Автобус жолаушыларына медициналық көмектің қажеті болмады. Ал тұрақта тұрған көліктердің ішінде адам болмаған.