Алматыда тұтыну кооперативі атын жамылып жұмыс істеген "R.O.I." қаржы пирамидасын құру және басқару дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, азаматтарды жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алу бағдарламаларына қатысуға шақырған. Ол үшін үлестік жарна жинақтау шарттары жасалып, тұрғындардан ақша жиналған.

"Алайда жаңа қатысушылардан түскен қаражат әрбір салымшыға төлем жасауға мүмкіндік беретін нақты кәсіпкерлік қызметке емес, кооперативке бұрын қосылған мүшелер алдындағы міндеттемелерді өтеуге жұмсалған. Қазір 275 азамат жәбірленуші деп танылды. Оларға келтірілген жалпы шығын – 217 млн теңге", – дейді агенттікте.

Тергеу барысында ұйымдастырушылар кеңес беру қызметінің ақысы деген желеумен кооперативтен 94 млн теңгені өздерімен байланысы бар тұлғалардың, соның ішінде "Кәусар" жеке кәсіпкерлігінің есепшоттарына аударғаны анықталды.

2022 жылы сот даулары басталғаннан кейін Алматыда "ShynSaulet", "Berekeli Shanyrak", "Aya-Aru", "Jasmin", "USCoop" және "Baiterek" атты алты жаңа тұтыну кооперативі құрылған. Бұл ұйымдар "R.O.I." тұтыну кооперативі басшысының бақылауында болған. Олар жеке сот орындаушылары бұғаттаған негізгі кооперативтің банк шоттарын айналып өтіп, түскен ақшаны басқа шоттарға бағыттау үшін пайдаланылған.

"Қаржы пирамидасын ұйымдастырған адам екі айға қамауға алынды. Соттың рұқсатымен үш автокөлікке, 25 пәтерге және банк шоттарына тыйым салынды", – дейді агенттікте.

Тергеу жалғасып жатыр.