24 маусымда Алматыда қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтіледі, деп хабарлады «Қазгидромет» РМК. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Синоптиктердің мәліметінше, қалада атмосфераның жер бетіне жақын қабатында ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін жағдайлар болжанады.

Мамандардың түсіндіруінше, ҚМЖ әлсіз жел, тымық, тұман және температуралық инверсия үйлескенде пайда болады. Мұндай жағдайларда зиянды қоспалар жер бетінде жиналып, ауа сапасының нашарлауына әкеледі.

Атмосфераның ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, ауа ылғалдылығы, температура және жауын-шашынның болуы да әсер етеді.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде тұрғындарға ашық ауада, әсіресе автомобиль жолдары мен басқа да ластану көздерінің жанында болу уақытын қысқарту ұсынылады.

Тыныс алу органдарының, жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы аурулары және аллергиялық реакциялары бар адамдарға мамандар қажетті дәрі-дәрмектерді өздерімен бірге алып жүруге кеңес береді.

Бұған дейін «Курсив» 24 маусымға Қазақстанның көптеген өңірлерінде дауылды ескерту жарияланғанын жазған болатын. Елде жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл, шаңды дауыл, қатты жел, ыстық және жоғары өрт қаупі күтіледі.