Алматыда жалпы құны 238 млрд теңге болатын 14 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы қала әкімі Дархан Сатыбалды президент жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өткен кеңесте мәлімдеді. Әкімнің айтуынша, жобалардың жетеуі әлеуметтік нысандарға қатысты болса, қалған жетеуі инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

«Олардың қатарында медициналық мекемелер, Қазақстан гимнастика федерациясының ғимараты, коллекторлар мен "Ақсай" су тарту нысаны, метро желісін "Барлық" базарына дейін ұзарту, Солтүстік айналма көшесі, сондай-ақ Алматы тау кластерінің инженерлік инфрақұрылымы мен аспалы жолдарын салу жобалары бар», - деп жазылған хабарламада.

Дархан Сатыбалды жауапты тұлғаларға құрылыс мерзімдерін, жұмыс сапасы мен жобалардың құнын бақылауды тапсырды.

Кеңесте қаланың цифрлық егізін құру, жол жөндеу сапасын арттыру, су шығынын азайту және жергілікті кәсіпорындарды қолдау мәселелері де талқыланды.

Сонымен қатар қалада жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындарды, соның ішінде инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу міндеті қойылды.

Кеңес қорытындысы бойынша қалалық басқармалар мен аудан әкімдеріне үш күн ішінде президент жолдауын іске асыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу тапсырылды.