Алматыда 16-20 шілде аралығында аномальды ыстыққа байланысты көшелерді суару және ауаны аэрациялау күшейтіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қала әкімдігінің мәліметінше, температура кей жерлерде 42 градусқа жетуі мүмкін. «Қазгидромет» РМК деректері бойынша, биылғы маусымда алғаш рет ауа температурасы 40 градустан жоғары көтеріліп, климаттық нормадан айтарлықтай асады.

Ыстыққа байланысты қалалық қызметтер көше-жол желісін күтіп-ұстауды күшейтіп, қала аумақтарын қосымша салқындатуды ұйымдастырады. Магистральды көшелер мен жаяу жүргіншілер қозғалысы қарқынды учаскелерде 16 колонна арнайы техника жұмыс істейді. Машиналар жолды суарып, ауаға су бүркумен айналысады.

Жұмыстар күннің ең ыстық сағаттарында жүргізіледі. Олар қаланың 128-ден астам көшесін қамтиды.

Бұған дейін «Курсив» шілдедегі ыстыққа байланысты Алматы жедел жәрдем қызметіне жүктеме айтарлықтай өскенін жазған болатын. Шілденің алғашқы екі аптасында дәрігерлер 33,6 мың шақыруды қабылдады, оның ішінде 1,5 мыңы жоғары қан қысымына, 300-ге жуығы жүрек-қан тамырлары ауруларына байланысты. Жедел жәрдем шақыруды қажет еткен күн өту жағдайларының саны екі есеге артты.