Алматыда пайдаланылмаған жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару және оларды экономикалық айналымға тарту жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, сот шешімі бойынша Түрксіб ауданында жалпы ауданы 14 гектардан астам сегіз жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұрын олар тауарлық ауыл шаруашылығын жүргізуге арналған, бірақ ұзақ уақыт бойы мақсатты пайдаланылмаған.
Әкімдікте атап өткендей, учаскелердің иесіне жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген, алайда талаптар орындалмаған. Істі қарағаннан кейін сот жерлерді мемлекет пайдасына алып қою туралы шешім қабылдады.
«Сот шешімі бойынша Түрксіб ауданында жалпы ауданы 14 гектардан астам 8 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұрын олар тауарлық ауыл шаруашылығын жүргізуге арналған, бірақ ұзақ уақыт бойы мақсатты пайдаланылмаған», — деп хабарлады Алматы әкімдігі.
Қалалық әкімдікте қайтарылған жерлерді тиімдірек пайдалану жоспарланып отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, учаскелер қала инфрақұрылымын дамытуға және алматылықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаларды іске асыру үшін пайдаланылуы мүмкін.
Бұл шаралар жер ресурстарын тиімді пайдалану және заңсыз иеленумен күрес аясында жүзеге асырылуда. Алматы әкімдігі пайдаланылмаған жерлерді анықтау және оларды мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмысты жалғастырады.
