Алматыда 12 жасар баланың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті ретінде 13 жасар жеткіншек ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, трагедия 10 маусымда Түрксіб ауданында болған. Әлеуметтік желілерде мектеп оқушысының бірнеше пышақ жарақатын алғаны туралы ақпарат тараған.

«Алдын ала анықталғандай, жарақаттар кәмелетке толмағандар арасындағы жанжал кезінде келтірілген. Қазіргі уақытта күдікті арнайы мекемеге орналастырылды», — деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі Kazinform порталына.

Полицияның ақпараты бойынша, ұсталған жеткіншек қайтыс болған баламен таныс болған. Өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті шаралар кешенін жүргізуде.

Сондай-ақ тергеу қорытындысы бойынша кәмелетке толмағанның ата-анасын бала тәрбиесі бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады. Істің мүддесіне байланысты өзге мән-жайлар әзірге жарияланбайды.

Бұған дейін «Курсив» Алматыда автобуста 17 жасар студент қызға шабуыл жасаған әйелді іздестіру туралы жазған болатын.