Алматыда оқу жылының басталуына орай жол жағдайына, қоғамдық көлік жұмысына және мектеп маңындағы қауіпсіздікке бақылау күшейтіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаланың жаңа оқу жылына дайындығы бойынша кеңейтілген аппараттық кеңес өткізді. Жиында көлік жағдайына, балалар қауіпсіздігіне және жол-құрылыс жұмыстарының барысына ерекше назар аударылды.
Қала басшысы жауапты қызметтерге күшейтілген жұмыс режиміне көшуді тапсырды. Қыркүйектің алғашқы күндерінде қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, кептелістерге жедел ден қою және жолдардың негізсіз жабылуына жол бермеу қажет.
Мектеп маңындағы учаскелерге ерекше назар аударылады. Сатыбалды жол жағдайын бақылауды күшейтіп, ең көп жүктелген учаскелерде қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
Тиісті басқармалар, аудандық әкімдіктер және полиция департаменті жолдардағы жағдайды тұрақты бақылап, қаладағы ахуалға қарай жедел шешім қабылдауы тиіс.
Бұған дейін «Курсив» оқу жылының басында Алматыда қоғамдық көлік жұмысы күшейтілетінін жазған болатын. Қыркүйектің алғашқы екі аптасында маршруттарға қосымша 500-ге жуық автобус шығады, ал метро пойыздарының саны 11-ден 13-ке дейін артады. Оқушыларды тасымалдау үшін 300 автобус жұмылдырылады, олар 60 мектепке және 13 мыңнан астам балаға қызмет көрсетеді. 1-5 қыркүйек аралығында әкімдік қызметкерлерінің бір бөлігі қашықтан жұмыс істеуге көшеді, ірі компанияларға да қашықтан жұмыс немесе икемді жұмыс кестесін қарастыру ұсынылды.
Сонымен қатар, Алматы полициясы қала тұрғындарын 1 қыркүйекте жеке көліктерінен мүмкіндігінше бас тартуды сұраған болатын. Оқу жылының алғашқы күндерінде тәртіпті қамтамасыз етуге 700-ге жуық полицей және 130-дан астам патрульдік экипаж тартылады, ал мектеп маңында стационарлық бекеттер мен мобильді патрульдер жұмыс істейді.
2026-2027 оқу жылында Қазақстанда 8 048 мектеп жұмыс істейді, ал оқушылар саны 4,1 млн адамнан асады, оның ішінде 380 мыңнан астам бірінші сынып оқушылары бар. Қаңтар-шілде айларында елімізде 18 090 орынға арналған 32 жаңа мектеп пайдалануға берілді.
