27 маусымда Алматы және тағы алты қалада ауаның ластануы күтіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазгидромет» мәліметінше, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) Қарағанды, Теміртау, Талдықорған және Алматы қалаларында күндіз, ал түнде Өскемен, Семей және Риддер қалаларында күтіледі.

Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеожағдайлар тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия үйлескенде пайда болады. Нәтижесінде ластаушы заттар атмосфераның жер бетіне жақын қабатында жиналып, ауа сапасының нашарлауына әкеледі.

Синоптиктер мұндай кезеңдерде денсаулыққа теріс әсер ету қаупі артатынын, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті екенін ескертеді.

Ауаның ластану деңгейіне жел жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы әсер етеді.

Тұрғындарға көшеде болу уақытын қысқарту, әсіресе автомобиль жолдары мен басқа да ластану көздерінің жанында болмау ұсынылады. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендерден бас тартуға кеңес беріледі.

Тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары бар адамдарға, сондай-ақ аллергиясы барларға қажетті дәрі-дәрмектерді өздерімен бірге алып жүру ұсынылады. Мамандар ашық ауадағы физикалық белсенділікті шектеуге және мүмкін болса, сабақтарды жабық үй-жайларға ауыстыруға кеңес береді.

Бұған дейін «Курсив» 27 маусымда Қазақстан бойынша дауылды ескерту жарияланғанын хабарлаған: найзағай, +41°C-қа дейін ыстық және бұршақ күтіледі.