Алматыда туған әкесін үйден шығаруды талап еткен қыздың арызы кассациялық сотта қаралды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тұрғын үй талап қоюшының атына тіркелген. Осыған байланысты ол сотқа туған әкесін үйден шығару туралы талап арыз берген.
Бірінші сатыдағы сот оның талабын қанағаттандырған. Алайда апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың шешімін жойып, ер адамды үйден шығару туралы талапты қанағаттандырудан бас тартты.
Себебі "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 68-бабына сәйкес, тұрғын үй меншік иесінің отбасы мүшелері баспананы меншік иесімен тең дәрежеде пайдалануға құқылы. Ер адам 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап қызының үйінде тұрып келеді.
Осы уақыт ішінде меншік иесі тарапынан оның үйде тұруына ешқандай қарсылық болмаған. Талап қоюшы апелляциялық сот шешімімен келіспей, кассациялық сотқа жүгінді.
Алайда кассациялық сот та бұған дейінгі шешіммен келісіп, апелляциялық қаулыны өзгеріссіз қалдырды.
