21 шілдеде Алматыда қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазгидромет» мамандарының түсіндіруінше, қолайсыз метеожағдайлар тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсияның тіркесуі кезінде пайда болады. Нәтижесінде ластаушы заттар атмосфераның жер бетіне жақын қабатында жиналып, ауа сапасының нашарлауына әкеледі.

Синоптиктер мұндай кезеңдерде денсаулыққа теріс әсер ету қаупі артатынын, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті екенін ескертеді. Ауаның ластану деңгейіне жел жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы әсер етеді.

Тұрғындарға көшеде, әсіресе автомобиль жолдары мен басқа да ластану көздерінің жанында болу уақытын қысқарту ұсынылады. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендерден бас тартуға кеңес беріледі.

Тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары бар адамдарға, сондай-ақ аллергиямен ауыратындарға қажетті дәрі-дәрмектерді өздерімен бірге алып жүру ұсынылады. Мамандар ашық ауадағы физикалық белсенділікті шектеуге және мүмкіндігінше сабақтарды жабық үй-жайларға ауыстыруға кеңес береді.

Бұған дейін «Курсив» 21 шілдеде Қазақстанда ауа райы күрт нашарлайтынын жазған болатын. «Қазгидромет» деректері бойынша, солтүстік-батыс циклон елдің басым бөлігіне найзағайлы жаңбыр, кей жерлерде қатты нөсер, бұршақ, дауылды жел және шаңды дауылдар әкеледі.