Алматының Медеу ауданындағы Кимасар шатқалында 2600 метр биіктікте турист қызға құтқарушылардың көмегі қажет болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қыздың өзін нашар сезінгендіктен, ол таудан өз бетімен түсе алмаған. Оқиға орнына «ҚСП Бутакты» мониторинг және жедел ден қою орталығының қызметкерлері жіберілді.
Құтқарушылар қызға қажетті көмек көрсетіп, оны таудан қауіпсіз түсірді. Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шығуды ұнататындарға маршрутты алдын ала жоспарлауды, ауа райы жағдайын және күннің бату уақытын ескеруді сұрады.
«Туристік соқпақтардан таймаңыздар және күштеріңізді дұрыс есептеңіздер», — деп атап өтті құтқарушылар.
Бұған дейін «Курсив» жақында құтқарушылар Үлкен Алматы көлі (ҮАК) ауданында серуендеу кезінде жарақаттанған Қытай азаматына көмек көрсеткенін жазған болатын.
