Алматыда ұялы байланыс пен интернет жоқ жерлерде де туристердің көмек шақыруына мүмкіндік беретін AG Tag құрылғысы сынақтан өткізіліп жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Құрылғы спутник арқылы адамның нақты орналасқан жерін анықтап, координаттарын радиобайланыс көмегімен құтқарушыларға жеткізеді. Қауіп төнген жағдайда SOS батырмасын басу жеткілікті. Сигнал құтқару қызметінің электрондық картасында көрініп, ақпарат әр екі секунд сайын жаңарып отырады. Құрылғы 15 шақырымға дейінгі қашықтыққа сигнал жібере алады.

Жаңа жүйенің таулы аймақтар үшін маңызы зор, дейді әкімдікте. Себебі Алматы тауларында жыл сайын мыңнан астам іздестіру-құтқару операциясы жүргізіледі. Оның үстіне, көптеген тау бағытында ұялы байланыс жоқ.

Бүгінде AG Tag құрылғысы Үлкен Алматы көлі маңы мен танымал тау шыңдарын қосқанда алты бағытта сынақтан сәтті өтті. 2026 жылдың соңына дейін оны туристер мен альпинистердің қатысуымен сынап көру жоспарланып отыр.