Алматы тауларында тоңып қалған туристер құтқарылды, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Космостанция маңында ТЖМ қызметкерлері таудан өздігінен түсе алмай қалған үш жас жігітке көмек көрсетті. Олардың таудан түсуіне тоңу салдарынан қиындық туындаған.
Арнайы техникамен патрульдеу барысында құтқарушылар жастар тобын байқап қалған. Олардың арасында 2006 жылы туған Бангладеш азаматы және 2007, 2010 жылы туған екі досы болған. Таудан түсу кезінде жастар тоңып, көмекке мұқтаж болған.
Құтқарушылар оларды қауіпсіз жерге дейін ертіп түсіп, өрт сөндіру бөлімінің медициналық пунктіне жеткізді. Медициналық көмек қажет болмады. Таудың етегінде жастарды туыстары қарсы алып, үйлеріне алып кетті.
Сонымен қатар Алматы құтқарушылары тауда тағы бір туристке көмек көрсетті. Алматы қаласының Медеу ауданындағы "Скалистый" шыңының маңында теңіз деңгейінен 3332 метр биіктікте Мониторинг және жедел ден қою орталығының құтқарушылары 1985 жылы туған Ресей Федерациясының азаматына көмек көрсетті.
Таңертең тауға шыққан ер адам серуендеу кезінде туристік соқпақтан адасып, өздігінен төмен түсе алмаған. Құтқарушылар туристі тауып, оны "Эдельвейс" туристік базасына дейін аман-есен алып түскен. Ер адамға медициналық көмек қажет болмады. Таудан түскен соң ол үйіне өз бетінше кеткен.
