Іле Алатауында, Үлкен Алматы көлі ауданында 2500 метр биіктікте тас опырылысы болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Туристер оқиғаны бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялады. Олардың айтуынша, ашық ауа райына қарамастан, таудан кенеттен тастар құлап, айналаны қалың шаң басқан.
Куәгерлердің сөзінше, олар қауіпсіз қашықтықта болғандықтан, ешкім зардап шеккен жоқ.
Түсініктемелерде көпшілік бұл табиғаттың ескертуі деп жазуда. «Құрылысты тоқтатып, табиғатты қорғау керек», – дейді олар.
ТЖД ақпаратын растады. Олардың мәліметінше, №12 қар көшкіні жинағыш ауданында тау беткейінің жартасты бөлігінен тас құлаған. Опырылыстың себептері – тау жыныстарының табиғи үгілуі, температураның өзгеруі және атмосфералық жауын-шашынның әсері.
Құлаған тастар жолға жеткен жоқ. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, қираулар тіркелмеген.
Бұған дейін «Курсив» Непал мен Тибет шекарасындағы апат туралы жазған болатын. 26 тамызда Непалда мұздық опырылып, кейіннен күшті су тасқыны жүздеген адамның өмірін қиды. Жыл сайын мыңдаған зияратшылар рухани ізденіс үшін баратын аймақ бір сәтте апат аймағына айналды.
Кейінірек Сыртқы істер министрлігі Непал мен Қытай шекарасында қазақстандық туристі іздеп жатқаны белгілі болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, әйел туристік топ құрамында болған және онымен бірге Непалдан Қытай аумағына өткен.
