Алматыда құтқарушылар өз бетінше тауға шығып, қайтып оралмаған екі жасөспірімді тапты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

ТЖМ мәліметінше, дабыл түскеннен кейін қалалық құтқару қызметінің қызметкерлері іздестіру-құтқару операциясын бастады. Олар таулы жердің ерекшеліктерін ескере отырып, жасөспірімдердің жүруі мүмкін бағыттарды тексерді.

Жасөспірімдер Қарасай ауданындағы Турист шыңы маңынан табылды. Олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды, медициналық көмек қажет болмады.

ТЖМ тауға барар алдында маршрутты алдын ала жоспарлау, жақындарына қайтудың болжамды уақытын хабарлау, зарядталған телефон алу және ауа райы жағдайларын ескеру қажеттігін еске салды.

Бұған дейін «Курсив» Іле Алатауы шыңдарына шығу кезінде Ресейден келген екі альпинист әйелдің жарақат алғанын жазған болатын. 22 жастағы қыз Октябренок шыңында аяғын сындырса, тағы бір 34 жастағы турист Маяковский шыңына көтерілу кезінде зардап шекті. Екеуін де Ми-8 тікұшағымен эвакуациялап, Алматы қалалық клиникалық ауруханасының №4 бөлімшесіне жеткізді.