Алматы тауларында табылған мәйіт 19 жыл бұрын жоғалған альпинист екені анықталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәйіт 16 тамызда Северцев мұздығынан табылған. Адам сүйегі мен сөмкені алғаш рет Беларусь туристері байқап, құтқарушыларға хабарлаған. «Барыс» республикалық құтқару жасағы мен «Қазавиақұтқару» тікұшағы 4300 метр биіктікте Северцев мұздығынан мәйітті алып шығу үшін аттанды, деп хабарлады сол кезде төтенше жағдайлар министрлігінде.
Кейіннен тараған суреттерден марқұмның қызы Нелля Михеева әкесінің сөмкесін таныған. Нелляның айтуынша, әкесі осыдан 19 жыл бұрын тауға шығып, содан бері хабарсыз кеткен. Оқиға орнына құтқарушылар мен полиция барып, қажетті жұмыстарды жүргізді. Марқұмның туыстары іздеу жұмыстарына көмектескен туристерге, еріктілерге және құтқарушыларға алғыс айтты.
