Алматыда ондаған студент Германиядағы маусымдық жұмысқа орналастыруды уәде еткен компанияның құрбаны болды. Олар 750 мың теңге төлегенімен, сапар өтпей қалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жәбірленушілердің айтуынша, компания Германиядағы фермалар мен қоймаларда жұмыс істеуді ұсынған, бірақ ақша төленгеннен кейін кету мерзімі бірнеше рет ауыстырылып, байланыс үзілген. Қызмет құны 750 мың теңгеден басталған. Компания жеміс-жидек теру және қонақ үй қызметі саласында жұмысқа орналастыруды уәде еткен.

«Келісімшарт жасасар алдында мен барып, олармен сөйлестім. Компания қалыпты болып көрінді. Полицияға хабарласпадым, өйткені олар әр уақытта уәде беріп, кейінге шегеріп отырды. Қазір ақшаны қайтаруды талап етемін. Басқа адамдарды да ескерткім келеді, олардың айласына түспесін», – деді жәбірленушілердің бірі Гүлмира Қабланбекова.

Компанияның клиенттері арасында 21 жастағы студент Иранғайып Қайратов та бар. Бірінші курс аяқталған соң, ол жазғы демалысын Бонн маңындағы фермада жұмыс істеп өткізуді жоспарлаған. Сапар үшін ата-анасы несие рәсімдеп, компанияға 750 мың теңге аударған.

Алайда кейін жас жігітке бос орындар жоқ екенін хабарлаған. Оның орнына сапарды келесі жылға ауыстыруды немесе Польша мен Мальдив аралдарында жұмыс істеуді ұсынған.

«Көкөніс теруші болып. Маған бәрібір, кім болып жұмыс істесем де. Тек елді көргім, әлемді көргім келді. Маған хабарлама келді: орын жоқ, вакансиялар бітті деп. Олар маған бір жылдан кейін Мальдивке немесе Польшаға баруды ұсынды, бірақ мен қаламадым. Өйткені мен дәл осы жылы ұшқым келді», – деді Иранғайып Қайратов.

Job2Day компаниясы жауапкершілікті Қырғызстандағы серіктестерге жүктейді. Компания өкілдерінің айтуынша, дәл солар жұмыс берушілермен байланысты қамтамасыз етуі керек еді, бірақ міндеттемелерін орындамаған.

«Олар жұмыс берушілермен, зауыттар мен фермалармен тікелей жұмыс істеді. Ол өз міндеттемелерінен бас тартты, яғни ақшаны қайтармайды. Біз қазір онымен мәселені шешіп жатырмыз», – деді компанияның атқарушы директоры Мирас Оразғалиев.

Ақшаны қайтару мерзімі туралы сұраққа атқарушы директор: «Бұл мерзім шамамен 3 айдан 12 айға дейін», – деп жауап берді.

Студенттер мұндай ұзақ күтуге келіспейді және ақшаны қайтаруға тырысады. Олардың айтуынша, жақын арада ұжымдық арызбен полицияға жүгінуді жоспарлап отыр.