Алматы-Қорғас тас жолында болған жол апаты кезінде зардап шеккен жолаушы ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жантүршігерлік жол апаты 23 маусымда Шелек ауылына жақын жерде болған. Haval маркалы көлік жолдың қарсы бетіне шығып, Audi 100-бен бетпе-бет соқтығысқан. Audi жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапқан. Ал 7 адам аудандық ауруханаға жеткізілген болатын.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, зардап шеккен бір адам қажетті медициналық көмектен кейін үйіне жіберілді. Ал бір жасар бала облыстық ауруханаға ауыстырылды.
«Өкінішке қарай, зардап шеккен бір адам ауыр жарақаттардан қайтыс болды», - дейді дәрігерлер. Қазіргі кезде аудандық аурухананың травматологиялық бөлімінде үш адам ем алып жатыр. Тағы біреуінің жағдайы өте ауыр, ол жансақтау бөлімінде, дейді дәрігерлер.
