2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі аясында республикада жеңілдетілген және бөлшек салық режимдері 4% мөлшерлемемен біріктіріледі. Осыған орай Алматы қаласы әкімдігі кәсіпкерлерге қосымша қолдау көрсетіп, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау бастамасын көтерді, деп хабарлайды qazaqyia.kz/ ақпарат агенттігі.

Қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен кеңес қорытындысы бойынша, 2026 жылдан бастап жаңа жеңілдетілген салық режимін қолданатын барлық кәсіпкерлер үшін тиімді мөлшерлемені 3% деңгейінде белгілеу туралы мәселені Мәслихаттың қарауына шығару жөнінде шешім қабылданды.

Бұл шара шағын және орта бизнестің салықтық тұрақтылығын сақтауға, қосымша инфляциялық тәуекелдердің алдын алуға және B2C-сегменттегі нысандарды — үй маңындағы дүкендер, шаштараздар, шеберханалар мен тұрмыстық қызмет көрсету орындарын — қолдауға мүмкіндік береді.

Әкімдік ұсынған бастама кәсіпкерлердің мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтып, инвестициялық ахуалды тұрақты сақтауға және іскерлік белсенділіктің өсуіне ықпал етеді деп санайды.