Алматыда жыл басынан бері танысуды пайдаланып ақша бопсалаумен және тонаумен айналысқан төрт топ анықталды. Олардың қатысушылары ұсталып, сотталды, алайда жаңа эпизодтар пайда болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл ақпаратты қалалық полиция департаменті растады. Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық схема бойынша қыз интернетте жас жігітпен танысып, онымен пәтерде кездесуге келіседі. Олар жалғыз қалған кезде, ол жерге өздерін оның ағаларымыз деп таныстыратын бейтаныс адамдар келеді.
«Одан әрі — қорқыту, ақша бопсалау және тонау. Романтикалық танысу қылмыстық тұзаққа айналады», — деді полицияда.
Ведомство хабарламасында хат алмасудың артында алдын ала жоспарланған қылмыс жасырылуы мүмкін екені ескертілді. Азаматтарды бейтаныс жерлерде күмәнді кездесулерге келіспеуге және сақ болуға шақырды.
Полиция қауіптің алғашқы белгілері байқалған кезде дереу құқық қорғау органдарына көмек сұрап жүгінуге кеңес береді.
Бұған дейін «Курсив» 2025 жылдың қазанында Алматыда болған ұқсас оқиға туралы жазған. Қыздың ағаларымыз деп таныстырған үш ер адам оның танысына қыздың кәмелетке толмағанын айтып, осы сылтаумен ақша бопсалай бастаған, оның телефоны мен басқа да заттарын алып қойған. Жәбірленуші полицияға жүгінгеннен кейін қыз бен үш ер адам ұсталды.
Алматы қаласының полиция департаменті Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында (@almaty.police) осы жағдайға қатысты жарияланым жасады.
