Абай облысында төрт көліктің қатысуымен болған жол апаты салдарынан бір әйел қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, апаттың себебі – жүргізушілердің бірінің салғырттығы. Трагедия 9 шілде күні сағат 08:40 шамасында Алматы-Өскемен тас жолының 885-шақырымында, Жарма ауданындағы Жарма ауылының маңында болды.
Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, Volkswagen Polo жүргізушісі жолдан алшаңдап, рульді ұстай алмай, қарсы бағытқа шығып кеткен. Салдарынан ол Volvo жүк көлігімен соқтығысқан. Осыдан кейін апатқа Toyota Windom және DAF жүк көлігі де түскен.
Соқтығыс салдарынан Volkswagen Polo-ның жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Апаттың тағы бірнеше қатысушысы әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
«Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», — деп хабарлады облыстық полиция департаментінде.
Полиция жүргізушілердің телефонға, сөйлесуге, салондағы заттарды іздеуге немесе басқа да бөгде әрекеттерге бірнеше секунд алаңдауы да трагедияға әкелуі мүмкін екенін еске салды.
Бұған дейін Алматы полиция департаменті де осындай үндеу жасап, мегаполисте бір күнде екі жаяу жүргіншінің қаза тапқанын хабарлаған болатын.
