Алматы облысының Талғар ауданында заңсыз қоқыс үйіндісіндегі өрт толық сөндірілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Өрттің ауданы 850 шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер жоқ», — деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.

Қоқыс Бәйтерек ауылының маңындағы иесіз карьерде тұтанған. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы орналастырылып, суды үздіксіз беру қамтамасыз етілді. Сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері мен жергілікті қызметтер тартылды.

Бұған дейін шілде айында «Курсив» Бәйтерек және көршілес елді мекендер тұрғындарының жанған қоқысқа шағымданғаны туралы жазған болатын. Ауыл тұрғындары ауыл маңындағы бұрынғы карьерге қалдықтар төгіліп жатқанын айтып, қоқыс үйінділерін жабуға талап қойған еді.