Алматы облысындағы ауыл тұрғындары бірнеше гектарға жайылған стихиялық қоқыс үйіндісіне шағымданып, мәселені шешуді талап етеді. Тұрғындардың айтуынша, жеке сектордың қасына тұрмыстық, құрылыс және қауіпті қалдықтар төгілуде. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жергілікті тұрғын Юрий Курносовтың айтуынша, бірнеше жыл бұрын бұл жерде гүлді алқап болған, алайда тұрғын үй кешенінің құрылысы басталғаннан кейін аумақ біртіндеп рұқсатсыз полигонға айналған.
«Мен бұл жерге HOWO және КамАЗ көліктерінің келетінін бірнеше рет байқадым. Үлкен машиналар бұл аумаққа қалдықтарды түсіреді. Бірде қоқыс үйіндісі өртеніп, содан бері қоқыс үнемі түтіндеп жатыр. Түтін мен сасық иіс шыдамайтындай», — деді ол.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, қоқыс үйіндісінен бес мыңға жуық адам зардап шегуде. Сенбіліктер өткізіп, аумақты өз бетінше тазалау әрекеттеріне қарамастан, қалдықтар көлемі өсіп келеді.
Шамамен төрт гектар аумақта тұрмыстық қоқыс, ескі жиһаз, құрылыс қалдықтары және құрамы белгісіз бөшкелер жиналған. Кейбір ыдыстардан қара майлы сұйықтық ағып жатыр. Сонымен қатар, қоқыс үйіндісінен жануарлардың өлекселері табылған.
Жергілікті тұрғындар қалдықтардың жақын жерде ағып жатқан Есентай өзенін ластауынан қауіптенеді.
«Бір кездері мұнда адамдар шомылатын, балық ауланатын, қырғауылдар мен басқа да жануарлар мекендейтін. Қазір қоқыс беткейден өзенге түсіп, табиғат біртіндеп жойылып барады», — деді аудан тұрғыны Ермек Серікұлы.
Анықталғандай, учаске логистикалық компанияның жеке меншігінде. Іле ауданы Өтеген батыр ауылдық округінің әкімі Төлеген Омаровтың айтуынша, дәл осы факт мәселені шешуді қиындатады.
«Учаске иесіне ресми хат жолдадық, бірақ әзірге жауап алған жоқпыз. Сондай-ақ уәкілетті органдарға өтініштер жіберілді. Бұдан әрі бұл мәселемен экологиялық полиция және табиғатты қорғау прокуратурасы айналысады», — деді әкім.
Ол сондай-ақ мәселенің алдағы апталарда шешілетініне уәде берді. Шенеуніктің айтуынша, учаске иесіне кемінде 500 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
