Алматы облысындағы заңды ойын бизнесі субъектілері төлеген салықтың көлемі жарияланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Биыл алты айдың ішінде өңірдегі ойын бизнесінен мемлекеттік бюджетке 25 млрд теңге салық түсті. Соның 10,6 млрд теңгесі өңірлік бюджетке аударылды.

"Ал соңғы екі жарым жылда саладан мемлекеттік бюджетке жалпы 184,7 млрд теңге салық түскен. Оның 53,8 млрд теңгесі өңірлік бюджет кірісіне бағытталған", - делінген ресми хабарламада.

Айта кетері, бүгінде Қонаев қаласында ойын бизнесі саласында 21 нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 5 казино, 13 букмекерлік кеңсе және 3 ойын автоматы залы бар. Салада шамамен 2,5 мың адам еңбек етеді.

Ойын бизнесі аймақтың туризміне де оң әсер етіп отыр. Алматы облысы Туризм басқармасының мәліметінше, өңірдегі казиноларға келушілердің шамамен 20 пайызы – шетел азаматы.