Алматы облысындағы ұзаққа созылған нөсер жаңбырлар салдарынан Қарасай ауданы, Жаңатұрмыс ауылындағы «Ақсай карьері» ЖШС аумағында өзен жағалауының бұзылуы орын алды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әкімдіктің мәліметінше, су өзен жағалауын зақымдап, одан кейін карьердің солтүстік-батыс бөлігінде топырақ көшкіні жүрген.
«Қазіргі уақытта су тасқыны қаупін азайту үшін ауқымды инженерлік жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, ұзындығы 280 метр болатын учаскедегі өзен арнасы 4 метрге тереңдетіліп, 5 метрге дейін кеңейтілді. Барлығы 5600 текше метр топырақ шығарылды, сондай-ақ арнайы техниканың қауіпсіз жұмысы үшін ұзындығы 320 метр технологиялық жол салынды», — деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Авариялық-құтқару және қалпына келтіру жұмыстарына 90 адам және 29 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Әкімдіктің дерегінше, аймақтағы бірнеше күндік нөсер жаңбырлар салдарынан Түрген, Ақсай, Ұзынқарғалы және Талғар өзендері арнасынан асып кетті. Жекелеген аудандарда жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі енгізілді.
Қарасай ауданында Ақсай өзеніндегі су деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты іргелес аумақ пен Toimart сауда үйінің жертөле бөлмесі су астында қалды. Зардаптарды жоюға 127 адам және жеті бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта жертөле бөлмесінен су толығымен сорылып, арна лай мен қоқыстан тазартылды.
Еңбекшіқазақ ауданында Түрген өзенінде тас құлаулар болып, 17 киіз үй су астында қалды, уақытша көпірлер зақымданды. Түрген — Асы жолының бойындағы қозғалыс уақытша шектелді.
Төрт күн ішінде құтқарушылар 100-ден астам адамды, оның ішінде туристер мен шопандарды эвакуациялады. Қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев төтенше жағдайдың салдарын барынша қысқа мерзімде жоюды, өзен арналарының өткізу қабілетін арттыру жұмыстарын жалғастыруды және су бұру жүйелерін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Бұған дейін қатты жауын-шашыннан кейін Алматы облысындағы «Ақсай» карьерінің ішінара суға толғаны хабарланған болатын. Жарияланған кадрларда карьердегі су деңгейінің көтерілгені көрінген.
Бұған дейін «Курсив» Алматы облысында қатты жауын-шашыннан кейін ТЖМ алдын алу шараларын жүргізгенін жазған. Қарасай ауданында мамандар карьерден су ағынын Ақсай өзенінің негізгі арнасына қайтару жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік үшін тоғыз жеке үйдің тұрғындары — барлығы 11 адам, оның ішінде бір бала алдын ала эвакуацияланған. Еңбекшіқазақ ауданында жағалауды нығайту жұмыстары, жолдың зақымдалған учаскесін тазарту және көлік қатынасын қалпына келтіру жалғасқан.
