8 маусымда Астана уақытымен сағат 21:55-те Алматы облысында жер сілкінісі сезілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, сейсмикалық станциялар желісі Қазақстанның оңтүстігіндегі жер сілкінісін тіркеді. Эпицентр Қазақстан аумағында, Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 111 километр жерде орналасқан. Оның координаттары — солтүстік ендіктің 42.920° және шығыс бойлықтың 78.188°, тереңдігі 5 километрді құрады.

Алматы облысының Кеген ауданында жер асты дүмпулері әлсіз болды. Саты ауылында қарқындылық 2,5 балл, Жалағаш ауылында 2 балл болды.

Жер сілкінісінен кейін «Қазселденқорғау» мамандары өзен арналарына, гидротехникалық құрылыстарға, сондай-ақ көшкін және сел қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізді. Сонымен қатар, тіршілікті қамтамасыз ету объектілері ықтимал зақымдануларға тексерілді.

Нәтижесінде ешқандай зақым табылмады, барлық объектілер қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түскен жоқ.

Бұған дейін «Курсив» Жетісудағы жер сілкінісі туралы жазған болатын, оны Алматы және Қазақстанның бірқатар өңірлерінің тұрғындары сезген. ТЖМ деректері бойынша, эпицентр Қазақстан аумағында, Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 316 км жерде орналасқан.