Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөлімінің дәрігерлері 10 жылдан астам уақыт бойы ісікпен өмір сүрген пациенттің жақасты аймағындағы алып ісікті алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Науқас мойын тұсындағы көлемді түзіліске, ауырсынуға, тыныс алудың қиындауына және ұйқысының бұзылуына шағымданған. Тексерістен кейін шұғыл операция жасау туралы шешім қабылданды.
Хирургтер ісікті жақасты сілекей безімен бірге алып тастады. Күрделі жағдайға қарамастан, операция асқынусыз өтті және өмірлік маңызды құрылымдарға зақым келтірілген жоқ, деп хабарлады Алматы көпсалалы клиникалық аурухананың баспасөз қызметі.
Отадан кейін науқастың жағдайы едәуір жақсарып, тыныс алуы толық қалпына келген. Барлық медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілді.
Мамандардың айтуынша, мұндай белгілерді ұзақ уақыт елемеу ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондықтан бас және мойын аймағында кез келген көлемді түзіліс пайда болған жағдайда дәрігерге дер кезінде қаралуға кеңес береді.
