Алматы облысының таулы аймағында қыз жардан құлап, зардап шекті. Оқиға Букреев шыңы ауданында теңіз деңгейінен 3010 метр биіктікте болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметінің құтқарушылары Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметімен бірлесіп құтқару операциясын жүргізді. Алдын ала мәлімет бойынша, қыз жардан құлап, басынан жарақат алған және өздігінен жүре алмаған.

Құтқарушылар келгенге дейін алғашқы медициналық көмекті оқиға куәгері көрсеткен. Эвакуациялау және тасымалдау жұмыстарын жүргізу үшін «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы тартылды. Кейін қыз «Медеу» тікұшақ алаңына жеткізіліп, ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының медициналық бригадасына тапсырылды.