Алматы облысы Талғар ауданы Жаналық ауылына бара жатқан такси жүргізушісі жолаушы қыздардың алдында ұятсыз әрекет жасады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Threads әлеуметтік желісінің пайдаланушысы өзінің жазбасында такси жүргізушісінің жыныс мүшесін ашып, жол жүріп келе жатқанда өзін-өзі қанағаттандырғанын айтқан. Оның сөзінше, ол көлікте құрбысымен бірге болған.
Жолаушылар таксиге шамамен 23:30-да отырып, ГРЭС-тен Жаналыққа қарай бет алған. Ауылға жақындаған кезде жазба авторы жүргізушінің қолы қалтырап тұрғанын байқаған. Алғашында ол бұны ауру белгісі деп ойлаған, алайда кейін оның өзін-өзі қанағаттандырып жатқанын көрген.
«Мен не істерімді білмедім, қатты қорықтым. Қолым қалтырап, аяғым ұйып қалды. Тек видеоға түсіре алдым», — деп жазған қыз.
Жазба авторы қыздарды түнгі такси сапарларында сақ болуға шақырған және пайдаланушылардан әрі қарай не істеу керектігін сұраған.
«Курсив» редакциясы Алматы облысы полиция департаментіне түсініктеме сұрап жүгінген.
