ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы облысындағы Түрген шатқалындағы демалыс аймақтарынан эвакуацияланған туристердің нақты санын жариялады. Нөсер жаңбыр салдарынан өзендегі су деңгейі күрт көтерілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
ТЖМ мәліметінше, қатты ағын Түрген – Ассы автожолының жекелеген учаскелерін шайып кеткен. Су басу аймағына «Түргенсай» курорттық аймағы іліккен – су 17 киіз үй орналасқан аумаққа кіріп, «Водник» бағбандық қоғамындағы төрт жеке учаскені су басқан.
Құтқарушылар адамдарды қауіпсіз жерге шұғыл түрде эвакуациялауға мәжбүр болды. Төтенше жағдай аймағынан барлығы 58 адам эвакуацияланды, оның ішінде 21 бала және 8 шетел азаматы бар.
«Эвакуацияланғандар ТЖМ вахтасына орналастырылды, оларға уақытша болу үшін қажетті жағдайлар жасалды. Зардап шеккендер жоқ», – деп атап өтті ведомствода.
Қазіргі уақытта Еңбекшіқазақ ауданындағы оқиға орнында «Қазселденқорғау» және Алматы облысы ТЖД мамандары тәулік бойы жұмыс істеуде. Авариялық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Зардаптарды жоюға барлығы 300-ге жуық адам және 44 бірлік техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, құтқарушылар Қарасай ауданындағы су басу салдарын жойды, онда да құрбандар болған жоқ.
Instagram-дағы жарияланымды қараңыз: Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті (@112almaty_oblysy)
Облыстағы су тасқыны аясында ТЖМ бөлімшелері Алматы қаласының өз ішіндегі сел қауіпті учаскелерін күшейтілген тәуліктік бақылау режиміне көшті.
Қазіргі уақытта мегаполистегі гидрологиялық жағдай тұрақты деп бағаланады, қала өзендерінде судың сыни көтерілуі тіркелген жоқ.
«Алдын алу шаралары аясында ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күшімен Ақсай өзенінің арнасын қорғаныс бөгеті ауданында нығайту және тазарту жұмыстары аяқталды. Жүргізілген шаралардың арқасында су деңгейі айтарлықтай төмендеді», – деп хабарлады министрлік.
Instagram-дағы жарияланымды қараңыз: Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті (@112almaty_oblysy)
Мамандар мореналық көлдер мен биік тау бассейндерінің аэровизуалды тексеруін жүргізуде. Үлкен Алматы және Кіші Алматы өзендерінің арналары үздіксіз бақылауға алынды. Биік тау бекеттерінде ТЖД, Құтқару қызметі, «Барыс» РӨСО және полицияның 130-дан астам адамы мен 20 бірлік арнайы техникасы кезекшілік етеді. Жағдай ТЖМ-нің тұрақты бақылауында.
