Алматы облысында 20 жеке сот орындаушысы букмекерлік кеңселерде тұрақты түрде ойын шоттарын толықтырып, құмар ойындарға жүйелі түрде қатысқаны анықталды. Олардың ойын шоттарына аударған қаражатының жалпы көлемі 180 млн теңгеге жуықтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бас прокуратураның мәліметінше, тексеру нәтижесінде олардың біреуі үш жыл ішінде ойын шотына 139 млн теңге, тағы бірі 26 млн теңге аударғаны белгілі болды. Бұл фактілер жеке сот орындаушыларының кәсіби әдеп қағидаттарына қайшы келеді және қоғамның бұл институтқа деген сеніміне кері әсер етеді.
Аталған фактілер бойынша прокурорлық қадағалау актілері Әділет департаменті мен Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жолданып, заңда көзделген шараларды қабылдау мәселесі көтерілді. Бас прокуратура мұндай әрекеттердің жария-маңызды функцияларды жүзеге асыратын тұлғалар үшін жол берілмейтінін атап өтті.
