Алматы қаласы мен Алматы облысының тауларында сел жағдайына аэровизуалды тексеру жүргізілді, деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазселденқорғау» мамандары Алматы қаласы және Алматы облысы ТЖД өкілдерімен бірлесіп, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 АМТ тікұшағымен таулы аумаққа аэровизуалды тексеру жүргізді. Тексеру Іле Алатауы жотасының солтүстік бөлігін – Қаскелең өзені алабынан бастап Түрген өзені алабына дейінгі аумақты қамтыды.
Мониторингтің негізгі мақсаты – мұздақ көлдер мен мұздық кешендердің, сел арналарының жай-күйін және өңірдегі жалпы сел жағдайын бағалау болды. Тексеру нәтижелері бойынша мұздақ көлдердің басым бөлігі маусымдық толу кезеңінде екені анықталды.
Сонымен қатар, биік таулы аймақтағы көлдер қысқы режимнен әлі толық шықпаған. Кейбір көлдер орналасу биіктігі мен беткей экспозициясына байланысты әлі де толықтай мұз бен қар жамылғысының астында жатыр. Беткі ағындар жекелеген учаскелерде ғана байқалады. Өзендерде су лайлылығының арту белгілері тіркелген жоқ.
Таулы аймақтардағы қар жамылғысының қалыңдығы 20-дан 50 сантиметрге дейін жетеді. Қар сызығы теңіз деңгейінен 3300-3500 метр биіктікте орналасқан, – делінген хабарламада.
Тексеру қорытындысы бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысы өзендері алаптарындағы сел жағдайы тұрақты деп бағаланады, дейді мамандар.
