Алматы облысы Райымбек ауданы Қызылшекара ауылындағы мектеп апатты жағдайда тұр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауыл тұрғындары Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат беріп, дабыл қақты. Шекара маңында орналасқан Көдек Байшығанұлы атындағы орта мектептің жағдайы сын көтермейді деп шулаған Қызылшекара ауылының тұрғындары журналистерден көмек сұрады.
Айтуларынша, 1979 жылы салынған мектеп апатты жағдайда тұр. Той тойлап, ақша шашқанша мектебімізді жөндеп берсін дейді тұрғындар. Қазіргі таңда бұл мектепте 250-ден астам оқушы білім алып жатыр. Алайда білім ордасының күрделі жөндеу көрмегеніне көптеген жыл болған. Ғимараттың қазіргі жағдайы апаттық деңгейге жақындап отыр. Білім алып жатқан 250 баланың қауіпсіздігі мен өміріне кім жауап береді? Неліктен мектептің жөндеу жұмыстарын техникалық қызметкерлер өз күштерімен атқаруға мәжбүр? - дейді Қызылшекара ауылының тұрғындары.
Мектеп ғимараты суық, ата-ана біткен ақша жинап, кабинеттерді жылытқышпен жылытып жүр. Үшінші қабаттағы терезелердің ағаш жақтаулары түгел кеуіп, әйнектері сынып жатыр. Терезелеріне сыртынан целлофан жауып қойғанбыз. Ата-аналар ақша жинап, кабинеттерде жылытқыш қосамыз. Соңғы үш жылдан бері "мектепті жасап беріңдер" деп қанша өтініш айттық. Мен мұнда жұмыс істегелі 8 жыл, осы жылдар ішіндегі проблема, - дейді ауыл тұрғыны Ләйлім Сатылғанова.
Жер сілкінгенде мектептің үшінші қабатының қабырғалары сөгіліп кеткен. Қабырғалар сол күйде әлі тұр. Қаншама комиссия келді, аудандық әкімдік, оқу бөлімінің мамандары келіп көріп кетті. Бюджеттен ақша бөлінбеді деп айтады, - Ләйлім Сатылғанова.
Айтпақшы, мектебі қирағалы тұрған ауданда Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойы атап өтілмек. Сарыбастау ауылында ауыл шаруашылығы форумы, 12 маусымда Қақпақ ауылында "Ғылым мен білім кемел келешекке нық қадам" ғалымдар форумы, 9 шілдеде аудан орталығы Нарынқолда 90 жылдық мерейтой, дәл сол күні Қарасаз ауылында республикалық ақындар айтысы өтеді. Сондай-ақ көрікті жерлерге пресс-тур, өнер жұлдыздары арнайы шақыртылған гала-концерт болады. Қысқасы мерейтой бағдарламасының ауқымы үлкен.
